Солтүстік Қазақстан өңірінің жастары бейбіт атом энергиясын таңдады
АЭС құрылысы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, лайықты жалақы төленетін онмыңдаған жаңа жоғары білікті жұмыс орындары құрылады. Бұл туралы Штаб мүшелері М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесу барысында айтты. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты.
Атом энергетикасын дамытудың болашақ мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кадр даярлау Жоспары әзірленеді. Соның негізінде жұмысқа қажет мамандар даярланады. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде болашақ ондаған физиктер, химиктер, инженерлер мен энергетиктер білім алады. Штаб мүшелерінің пікірінше, АЭС арқылы олар өздерінің тың идеялары мен озық ғылыми әзірлемелерін жүзеге асыра алады.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Байтоқ АЭС құрылысы Қазақстандағы ЖЭК-тың дамуына шектеу қоймайтынын атап өтті. Керісінше, электр энергия тапшылығын болдырмау және энергетикалық тәуелсіздікті нығайту үшін атом энергетикасы мен ЖЭК бірін-бірі толықтыратын кешенді тәсіл қабылданады.
— Тек жаңартылатын энергия көздеріне ғана сенім артқан кезде белгілі бір тәуекел пайда болады. ЖЭК-тың негізгі кемшілігі – тұрақсыздығы. Жел мен күн әрқашан бола бермейді. Сондықтан мемлекетіміз энергетикалық дағдарысқа тап болуы мүмкін. Атом энергиясы, керісінше, сенімді қуат көзі саналады. Ол энергия қауіпсіздігі тұрғысынан да тартымды. Еліміз электр энергияның төмен бағасын ұстап тұруға мүмкіндік беретін ядролық отын компоненттерінің өзіндік өндірісін дамытуға қабілетті. Студенттеріміздің арасында болашақ атом электр станциясының кадрлық негізін құрайтын болашақ ядролық физиктер, химик-технологтар, энергетика инженерлері бар екеніне сенімдімін, – деді ол.