СҚО-да жолдарды күтіп ұстауға 1.2 млрд. теңге бөлінді
Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар жолдарды қысқы уақытта күтіп ұстауға биыл 1,2 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырғыдан 25%-ға артық, деп хабарлайды Законопослушный гражданин ҚазАқпарат агенттігіне слітеме жасап.
СҚО әкімдігінде автожолдарды қысқа дайындау жайы пысықталды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚО филиалының директоры Талғат Смағұловтың айтуынша, облыс арқылы республикалық маңызы бар 1 970 км жол өтеді. Қазір соның 57 км «Көкшетау Автодор» ЖШС күрделі жөндесе, 15 км «КазСтройТехник» ЖШС жаңалап жатыр.
— Былтырғы қыстағы ауыр жағдайды есепке алып, биыл республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 25% артық – 1,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта техника дайындалып жатыр. Қар сыратын 138 техника қажет болса, соның 126-сы бар, бірақ 92%-ы ғана жүріп тұр. Биыл 4 автогрейдер алынды, жыл соңына дейін тағы екеуі алынады және 22 арнайы техника бойынша мемлекеттік сатып алу жүріп жатыр. Сондай-ақ жолдарды тазалауға 8 ұйыммен келісім жасалып жатыр, — дейді филиал директоры.
СҚО-да қар алатын 121 учаске бар, жалпы ұзындығы – 190 км.
— Жолды қар алмауы үшін 3 мың дана ағаштан жасалған кедергі әзірленді. Қардан қорғайтын траншея ұзындығын да 40%-ға арттырдық. Ұзындығы 2 600 км болады. Сондай-ақ былтырғы климаттық жағдайды ескере отырып, екі есе мұзға қарсы тұз-құм қоспасы, реагенттер әзірленді. Бұдан бөлек төтенше жағдайларға жол бермеу үшін күн райы бұзылғанда тәулік бойы кезекшілік атқарылады, — дейді Талғат Смағұлов.