ИНТЕРНАТТАҒЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Есіл ауданындағы Николаевка орта мектебінің жанынан жаңартылған интернат оқу жылының басында ашылады. Нысанды күрделі жөндеуге шамамен 136 миллион теңге қаржы жұмсалды.
Интернат 40 балаға арналған. Мұндағы жөндеу жұмыстары биыл сәуір айында басталды. Мердігер компания «Заңғар-LTD» ЖШС. Осы уақыт ішінде мекеменің терезелері, есіктері, едені, шатыры, баспалдағы, кіреберісі, жылыту және желдету жүйелері толығымен ауыстырылды. Сонымен қатар, қабырғалары тегістеліп, су құбыры, кәріз жүйесі жөнделді, электр сымдары ауыстырылды.
Балаларға арналған 4 жатын бөлме, демалуға және сабаққа дайындалуға арналған бөлмелер бар. Оқушылар төрт реттік тамақпен қамтамасыз етіледі, әртүрлі ауылдардан тәрбиеленушілерді тасымалдау ұйымдастырылды. Балалар жеке гигиена кабинасымен, жылы дәретханамен, ыстық және ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Интернат ғимараты орталық су жүйесімен жабдықталған. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында 11 бейнекамера жұмыс істейді.
Мекемені жөндеу барысымен «AMANAT» партиясының хатшысы Руслан Әлішев танысты.
«Жөндеу жұмыстары барысында объектіде партиялық бақылау бекеті жұмыс істеді, оның мүшелері жұмыстың сапасына, еңбек заңнамасының сақталуына, бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізді. Тәрбиеленушілердің ата-аналары, интернат басшылығы проблемалар туындаған кезде депутаттарға, партиялықтарға жүгіне алатындай бекеттің одан әрі жұмыс істеуі өте маңызды», — деді Руслан Әлішев.