СҚО тұрғындарының құқықтары қорғалды
Облыстағы прокуратура органдарының қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Талдау шеңберінде қызметкерлердің әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілмегенін, олардың құқықтары өрескел бұзылғанын анықтады.
Нақтырақ айтқанда, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов атындағы, Мамлют, Шал ақын, Тайынша аудандарында ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласындағы 5 мың маманға коммуналдық қызметтер мен отын сатып алу үшін берілетін әлеуметтік көмектер төленбеген. Бұл «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңының талаптарына қайшы.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мәслихаттардың шешімдерінде жоғарыда аталған төлемдер көзделген. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар мамандар үшін 115,1 млн теңге сомасына бюджет қаражатын бөлді. Бүгінгі таңда 2 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек төленуде.
Осылайша жүйелі жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ауылдық жерлерде тұратын қызметкерлердің құқықтары қорғалды. Ал азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселесі облыс прокуратурасының ұдайы бақылауында болады.