СҚО-ның 56 тұрғыны тұмаумен ауырып жүр
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, сырқаттанғандардың 51-і — А типті (H1N1-pdm-09) немесе «шошқа тұмауымен» ауырған. Бұл – тұмау вирусының ішіндегі ең қауіптісі.
«В» типті тұмауды бес адам жұқтырған. Тұмаумен ауырғандардың 22-сі — 14 жасқа дейінгі балалар, екеуі — жүкті әйел. Науқастар тұмауға қарсы екпе алмаған.
— Маусымдық тұмау кезінде кенеттен температура көтеріліп, әдетте құрғақ жөтел болады, бас және бұлшықет пен буын ауырады, қатты әлсіздік пайда болып, тамақ қызарады, мұрыннан су ағады. Қазіргі уақытта тұмаудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі — вакцинация. Бұл аурудың асқынуынан және өлім жағдайынан қорғайды. 1 қазаннан 31 қазанға дейін тұмауға қарсы иммундау науқаны жүргізілді, «тәуекел тобына» жататын облыс халқының 11,2%-ы немесе 60 000 адам «Гриппол плюс» вакцинасымен егілді, — дейді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Гүлида Джакеева.
Жалпы эпидемиологиялық маусым басталғалы ЖРВИ жұқтырудың 44347 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға төмен. Науқастардың 66% -ы 14 жасқа дейінгі балалар.
Соңғы аптада ЖРВИ-мен 2155 адам ауырған. Бұл оның алдындағы аптамен салыстырғанда 3% көп.
Маманның айтуынша, облыста тұмауға жатпайтын вирустар таралған. Мысалы: риновирустарды 22 адам, аденовирустарды 16 адам, парагриппті 12 адам, коронавирустарды 4 адам, бокавирустарды 3 адам және метапневмовирустарды 2 адам жұқтырған. Метапневмовируспен ауырғандардың біреуі – 4 жасқа дейінгі сәби болса, екіншісі орта жастағы адам.