Петропавлдық прокурорлар қалада автосалон ашқысы келген кәсіпкерге көмектесті
Петропавл қаласының прокурорлары облыс орталығында автосалон ашқысы келген кәсіпкерге көмектесті. Инвестор үш айдан бері тиісті құжаттарын ала алмай келген, деп хабарлайды тілшіміз.
Үстіміздегі жылдың тамыз айында СҚО прокуратурасының фронт-офис алаңына «Тобыл-Моторс» ЖШС өкілдері өтінішпен келген. Олар қала аумағында жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын мультибрендтік автосалон салуды жоспарлаған. Дегенмен сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуда бірталай қиыншылыққа тап болған. Жергілікті атқарушы орган өкілдері 3 айдан астам уақыт бойы кәсіпкерге СЖТ беру рәсімін кешіктірген.
«Прокуратура органдары мен «KAZAKH INVEST»ҰК» АҚ-ның өкілдері іске араласқан соң ғана 18 тамызда «Тобыл Моторс» ЖШС құжат берілді. Өз кезегінде, СЖТ-ның болуы кәсіпкерге автосалон салуға кірісуге және одан әрі инвестициялық жобалардың республикалық пулына кіруге мүмкіндік берді», – делінген облыстық прокуратура таратқан хабарламада.