Петропавлда жаңа мектеп салынып, 30-дан астам ғимарат күрделі жөндеуден өтті
Облыстық әкімдікте жаңа оқу жылы қарсаңында білім ошақтарының дайындығы туралы айтылып, алдағы жоспарлар белгіленді. Ғауез Нұрмұхамбетов білім басқармасы басшысының есебін тыңдап, нақты тапсырмаларды берді.
Жиында белгілі болғандай, биыл бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтуға 3,1 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса, білім беру нысандарындағы 30-дан астам ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу мақсатында 4,4 млрд теңге қарастырылды.

Білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 3 мыңнан астам оқушыны тасымалдау ұйымдастырылған. Биыл 8 арнайы мектеп автобусы сатып алынды, жыл соңына дейін тағы 3 автобус сатып алу жоспарлануда.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 1 қыркүйекте «Береке» шағынауданында жаңа мектеп ашылады.
Өңірдегі барлық мектептер интернетке тұрақты қосылған және заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл оқушылардың қауіпсіздігін күшейтіп, цифрлық білім беру технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.
Манаш Қозыбаев атындағы университет — өңірдің мақтанышы және сұранысқа ие мамандарды даярлайтын жетекші орталық. Оқу орнына деген қызығушылық тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де артып келеді: биылдың өзінде АҚШ, Қытай және Түркиядан келген студенттер білім алуды бастайды. Ыңғайлы оқу үшін барлық жағдай жасалған. 1200 орындық жаңа жатақхананың пайдалануға берілуімен студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық оқу орындарын жылыту маусымына толық дайындауды қамтамасыз етуді және білім беру мекемелеріндегі жөндеу мен дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

