Петропавлда «Таза бейсенбі» акциясы өтті
«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Тазап бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасуда. Тазалық шарасы ақиық ақын Мағжан Жұмабаев атындағы саябақта өтті.
Шараға 50-ден астам адам қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. Акция барысында жастар саябақ аумағын күл-қоқыстан тазартып, қыс мезгілінен қалған қалдықтарды жинады.

Сонымен қатар, қураған шөптер мен шашылған тұрмыстық қалдықтар бір жерге топтастырылып, арнайы қаптарға салынды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қаланың көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға да ықпал етеді.
— Біздің басты мақсатымыз – жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға баулу. «Таза Қазақстан» жобасы аясында мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы мұндай игі істер қоғам үшін аса маңызды.

