«Ауыл аманаты» аясында ашылған дәмхана
Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған «Шанырақ» отбасылық кафесі табысты жұмыс істеп келеді. Кәсіпкер Ботагөз Саниева өз ісін бастап қана қоймай, ауыл тұрғындары үшін сұранысқа ие қоғамдық тамақтану орнын да қалыптастыра алды.
Дәмхана ашу идеясы ауыл тұрғындарының нақты сұранысынан туындаған. Кәсіпкердің айтуынша, ауылдық округте тұрғындарға қолжетімді бағада ыстық үй тағамдарын ұсынатын орындар тапшы болған. Осы қажеттілікті ескере отырып, ол сапаға басымдық берілетін, бағасы қолжетімді және жайлы атмосфера сыйлайтын отбасылық кафе ашуды мақсат еткен. Алайда оны жүзеге асыру үшін Ботагөз Саниеваның қаражаты жеткіліксіз болды. Кәсіпкер осы мәселе бойынша «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасына жүгініп, нәтижесінде жобаны іске асыру үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 8,3 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткізді.
«Шанырақ» кафесі тұрақты түрде жұмыс істеп, тұрғындарға қоғамдық тамақтану қызметтерін және ыстық тағамды алып кету мүмкіндігін ұсынып отыр. Осында мерекелік іс-шаралар өткізіліп, арнайы жабдықталған ойын бөлмесі де ашылған. Нысан күнделікті жұмыс істеп, ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Сонымен қатар жоба аясында 6 жұмыс орны құрылды.
— Адамдар келіп, үй тағамын ішетін немесе өздерімен алып кете алатын орын болса деген ниетім болды. Бірақ ол үшін қаражат қажет еді. «AMANAT» партиясының қолдауының арқасында өз ойымды жүзеге асырдым. Бүгінде кафенің қызмет аясы кеңеюде, – деді Ботагөз Саниева.
«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асановтың айтуынша, мұндай бастамалар – «Ауыл аманаты» жобасы ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту ісіне нақты үлес қосып отырғанының айқын көрінісі.

