Жарияланған күні: 09.05.2026
Ұлы Жеңіс күнінде Мәңгілік алауға гүлшоқтары қойылды
Тарихта қаралы із қалдырған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 81 жыл толып отыр. Ұлы Жеңіс күнінде Петропавлдағы Мәңгілік алау монументіне гүлшоқтары қойылып, батырлардың рухына тағзым ету шарасы өтті.

Митинг алдымен Мәңгілік алау монументінен бастау алды. Облыс азаматтары мен өңір басшылығы Ұлы Жеңісті қалаған азаматтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
— Ұлы Жеңісті жақындату жолында табандылық пен отансүйгіштіктің озық үлгісін танытқан барша азаматтарға ерекше құрметпен бас иеміз. Солтүстікқазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі өлшеусіз. Мыңдаған жерлесіміз майдан шебінде асқан ерлік пен қайсарлық танытып, Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарды. Жеңімпаз буынның даңқты ерлігі – ел рухының асқақтығын айқындайтын мәңгілік мұра. Батырларымыздың есімі халық жадында әрдайым сақталып, олардың өнегелі жолы келешек ұрпаққа отансүйгіштік пен бірліктің айнымас үлгісі болып қала береді,- деді өңір басшысы.

Шара Жеңіс саябағында жалғасын тапты. Жыл сайынғы дәстүр бойынша Жеңіс монументіне гүлшоқтары қойылды.

