СҚО-да құны 53 млрд. теңге болатын жоба іске аспақ
Өткен жылдың қараша айында облыс делегациясының Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары барысында бірқатар ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Соның бірі — Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда құрама жем зауытын жүзеге асырып жатқан «Kazmeel» ЖШС-мен әріптестікті кеңейту туралы келісім.
Бүгін өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов «Kazmeel» ЖШС-нің құрылтайшысы, «XIYU AGRICULTURAL PTE. LTD» корпорациясының бас директоры Гэ Кайхуа мырзамен мазмұнды кездесу өткізді. Компания Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда заманауи май экстракциялау зауытын салуды жоспарлап отыр. Инвестициялық жобаның құны — 53 млрд теңге. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 1400 тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жоба аясында 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылысты 2028 жылы аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында алдағы бес жыл бойы жыл сайын 25 солтүстікқазақстандықты Қытайдың Халықаралық техникалық институтында оқытуды көздеп отыр. Бұл өңір үшін қажетті білікті техникалық мамандарды даярлауға серпін бермек.

