СҚО делегациясы Челябі облысына жұмыс сапарымен келді
Облыстың ресми делегациясы Ғауез Нұрмұхамбетовтың басшылығымен Ресей Федерациясының ірі индустриялық орталықтарының бірі — Челябі облысына жұмыс сапарымен келді. Солтүстік Қазақстан облысы үшін бұл аймақ — сенімді стратегиялық серіктес. Екі өңір арасында берік сауда-экономикалық және өндірістік байланыстар қалыптасқан.
Жұмыс сапарының алғашқы күнінде делегация өңірдің жетекші кәсіпорындарының қызметімен танысты. Олардың қатарында «УралКран» машина жасау зауыты мен ұзақ сақталатын нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндіретін «Хлебпром» кәсіпорны бар.
Бүгінде «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының №3 субаймағында осы сынды заманауи инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «KazCraneEngineering» ЖШС жүк көтергіш-көлік жабдықтарын өндіретін зауыттың құрылысын іске асыруда, ал «БЕЙКЕРТОН» ЖШС донат өнімдерін шығаратын өндіріс орнын дамытып жатыр. Өңір үшін жаңа өндірістердің толық іске қосылуы биылға жоспарланған.
— Аталған жобалар облыс экономикасын дамытуда ерекше маңызға ие. Бұл — жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, заманауи өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, озық технологияларды енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.

