Облыста сотталғандар жылжымалы моншалар салуда
Қазіргі қылмыстық-атқару жүйесінде тек режим талаптарын қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар сотталғандарды түзету мен оларды қоғамға қайта бейімдеуге нақты жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет пен бизнестің тиімді ынтымақтастығының жарқын мысалдарының бірі — №51 мекемесінің «РИДЕ» ЖК жетекшісі Наталья Гурьяновамен бірлескен жұмысы.
2025 жылдың шілде айынан бастап кәсіпорын мекеме аумағында өз қызметін жүзеге асырып, сотталғандарды ресми жұмыспен қамтып, сұранысқа ие өндірістік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беруде. Ағаш өңдеу өндірісі күрделі әрі көбіне ер адамдарға тән сала болып саналса да, Наталья бұл жауапкершіліктен қорықпай, түзеу мекемесі жағдайында толыққанды өндірістік процесті жолға қоя білді.

Алғашында кәсіп шағын ағаш сувенирлер мен сәндік қобдишалар жасаудан басталған. Бүгінде өндіріс ауқымы айтарлықтай кеңейіп, сотталғандар жиһаз, жылжымалы самалжайлар және моншалар дайындайды. Бұл өнімдер Петропавл қаласында ғана емес, облыс көлемінде де үлкен сұранысқа ие.
Өндірісте өнім сапасына ерекше мән беріледі. Бұйымдарды жасау үшін сенімділігі мен ұзаққа төзімділігі жоғары, сыртқы келбеті әсем сапалы ағаш пайдаланылады. Әрбір өнім бірнеше өңдеу кезеңінен өтеді — қаңқасын дайындаудан бастап, бояу және кептіруге дейін. Мәселен, ағаш қобдишаны жасау орта есеппен төрт күнді алады: оның 1–2 күні қаңқасын дайындауға жұмсалса, кейін бояу және кептіру жұмыстары жүргізіледі. Жиһаз өндірісі бұйымның күрделілігіне қарай екі аптадан бір айға дейін созылады.
Ал жылжымалы моншалар қысқа мерзімде құрастырылып, тапсырыс беруші бір жарым ай ішінде орнатылған қазандығы бар дайын моншаны алады. Сотталғандардың қолымен жасалған бұйымдар қалалық жәрмеңкелер мен қайырымдылық акцияларында тұрақты түрде ұсынылып келеді. Бұл өнім сапасының жоғары екенін көрсетіп қана қоймай, түзелу жолына түскен адамдарға қоғамның оң көзқарасын қалыптастыруға да ықпал етеді.
— Еңбекпен қамту қайта әлеуметтену процесінде маңызды рөл атқарады. Кәсіпті меңгеру, тәртіп пен жауапкершілік адамды бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дайындап, қайта қылмыс жасау қаупін азайтады, — деп атап өтті мекеме өкілдері.
Бүгінде кәсіпорында 40-тан астам сотталған жұмыспен қамтылған. Көпшілігі үшін бұл жұмыс тұрақты табыс көзі ғана емес, өздерін қоғамға қажеттігін сезінуге мүмкіндік берді. Түскен қаражатты олар жеке қажеттіліктеріне, отбасыларына көмек көрсетуге және талап-арыз берешектерін өтеуге жұмсай алады.

