Жарияланған күні: 29.05.2026
«Халық заңгері» акциясы жалғасуда
Бүгін облыс прокуратурасы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында кезекті «Халық заңгері» акциясын өткізді. Шараға прокурорлармен бірлесіп облыс аудандарының жергілікті атқарушы органдарының, полиция мен әділет органдарының өкілдері, сондай-ақ жеке сот орындаушылары мен адвокаттар қатысты.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, акцияның екі сағаты ішінде 535 адамға кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетілді. Қызылжар ауданының тұрғыны қоныс аударушылар бағдарламасы аясында тұрғын үй мен жәрдемақы алу мәселесін көтерді. 2025 жылы ол отбасымен Түркістан облысынан Қызылжар ауданына қоныс аударған. Жергілікті жерде тұрғын үй мәселесі бойынша түсініктеме беріліп, мәселе шешімін тапты.
Тағы бір жағдайда, Шал ақын ауданының зейнеткер тұрғыны прокурорларға жеке сот орындаушысының атқарушылық санкция төлеуді талап еткен әрекеттеріне қатысты шағымданды. Тексеру барысында атқарушылық санкцияны өндіріп алу шараларының негізсіз екені анықталып, прокурор сол жерде аталған шешімнің күшін жою бойынша шаралар қабылдады.
Сондай-ақ, акция барысында Айыртау ауданының жалғыз тұратын зейнеткері аумақты тазалау және қоршау орнату туралы өтінішпен шағымданған. Бұл мәселе бірден әкімдіктің бақылауына алынып, «Ахмиров» ЖК-нің қолдауымен аула аумағынан қоқыс шығару бойынша көмек ұйымдастырылды.
«Халық заңгері» акциясы Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарының мәдениет мекемелерінде және өзге де қоғамдық қолжетімді орындарда өткізілді.
Акцияны өткізу мемлекеттік органдардың халықпен өзара іс-қимылын нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыруға, сондай-ақ қоғамда заңға бағынушылық қағидаттарын қалыптастыруға ықпал етеді.

