Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

СҚО-да қаза тапқан полицейдің есімі ұлықталды

СҚО-да бұзақыларға ескерту жасап, қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан полиция капитаны Жанәділ Теміртасовтың есімі ұлықталады.

Сол бір кеште Теміртасовтар отбасы әкелерін күтпестен ұйқыға кеткен еді. Бұл әдеттегі жағдай болатын: полиция қызметкері қызметіне байланысты жиі кешігіп келетін. Алайда келесі күні жұбайы мен екі ұлы оның енді ешқашан оралмайтынын білді. 1999 жылғы 20 мамырда таңғы сағат төрт шамасында полиция капитаны Жанәділ Теміртасов қызметтік іссапардан келе жатып, аудан орталығы Булаеводағы «Мерлот» дүкені маңына тоқтайды. Сол аумақтағы «Алмас» дәмханасынан мас күйде, агрессия танытқан адамдар тобы шығады. Жанәділ Жанәбілұлы қоғамдық тәртіпке бейжай қарай алмай, оларға ескерту жасау мақсатында жақындайды. Алайда бұл әрекет бұзақылардың ашу-ызасын тудырып, олар полиция қызметкеріне шабуыл жасайды. Оны соққыға жығып, ауыр жарақат келтіреді. Жанәділ Теміртасов ауруханада көз жұмады.

Аталған қылмысқа қатысқан тұлғалар кейін сот үкімімен жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылған. Марқұмның артында жары мен екі ұлы қалды. Кіші ұлы Нұрсұлтан ол кезде небәрі екі жаста болса, үлкені Руслан әкесінің бейнесін бала көңілмен ғана елестетіп өсті. Қызметтік тапаншасы, жұмыс көлігі және әріптестермен өткен күндер бүгінде тек естелікке айналған. Марқұмның ұлы Руслан Жанәділұлы әкесінің бейнесі уақыт өте келе ғана толық танылғанын айтады.

— Әкемді есейген соң ғана шын түсіне бастадым. Әріптестерінің әңгімелері арқылы оның қарапайым, бірақ өте жауапты, кез келген адамға көмектесуге дайын жан болғанын білдім, – дейді ол.

Жанәділ Теміртасов ішкі істер органдарында 8 жыл қызмет атқарды. Ол еңбек жолын 1991 жылы бастаған. Бұған дейін ветеринар болып жұмыс істеп, әскери дайындықтан өтіп, лейтенант шенін алған. Кейін Қарағанды жоғары милиция мектебін тәмамдап, жедел уәкіл қызметінде ауыр қылмыстарды ашумен айналысқан. Қызмет барысында бірнеше мәрте марапатталған.

Егер өмірі қыршыннан қиылмағанда, биыл 60 жасқа толар еді. Бұл қайғылы оқиға 1990-жылдардағы күрделі кезеңде кеңінен назарға іліге бермегенімен, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейдің есімін ұлықтау бағытында тиісті жұмыстар жүргізілген. Бүгінде Жанәділ Теміртасовтың ұрпақтары оның есімін ұмытпай, зиратына барып тұрады.

Сондай-ақ Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөліміндегі музей бөлмесінде оның өмір жолы жас буынға үлгі ретінде таныстырылады. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов марқұм қызметкердің ғұмыры тәртіп сақшылары үшін адалдық пен борышқа беріктіктің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *