Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті
Облыс әкімдігінде жер қатынастары саласындағы заңдылықтың сақталуы, Петропавл қаласы, Тайынша және Есіл аудандарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың іске асырылу барысы қаралды. Облыс әкімі жер ресурстарын тиімді басқару өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен бизнестің дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Осыған байланысты өңір басшысы ішкі бақылауды күшейтуді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалауда формальды көзқарасқа жол бермеуді, сондай-ақ жұмыстар нақты орындалмай тұрып орындалғаны туралы актілерге қол қою фактілеріне қатаң тыйым салуды тапсырды. Сонымен қатар аудан әкімдері мен қала басшысына электрондық аукциондарды толық көлемде ұйымдастыруды қамтамасыз ету, бос жер телімдерін анықтау жұмыстарын жандандыру, қала құрылысы құжаттамасын цифрландыруды аяқтау және анықталған заңбұзушылықтар мен сот тәжірибесін ескере отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау сапасын арттыру тапсырылды.
Екінші блокта құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды. Мал ұрлығы, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру мәселелері және оларды есепке алу мен ұстау бақылауын күшейтуге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ есірткі қылмысының алдын алу, кәмелетке толмағандарды есірткі қылмысына тартудың жолын кесу және жастардың каникул кезіндегі жұмыспен қамтылуын кеңейту шаралары талқыланды. Бұдан бөлек, алкогольдік мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың өсуі және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесін дамыту, ет өнімдерінің айналымын бақылау және әлеуметтік тәуекелдерді ерте анықтайтын цифрлық құралдарды енгізу жөнінде тапсырмалар берілді. Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың негізі ретінде «Заң мен тәртіп» қағидатын жүйелі іске асырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

