СҚО-да кәсіпкер алкоголь сату лицензиясынан айырылды
Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында алкоголь өнімдерінің айналымына қатысты заңнаманы бірнеше рет бұзған қоғамдық тамақтану орнының иесі ірі көлемде айыппұл төлеп қана қоймай, алкоголь өнімдерін бөлшек саудада өткізуге берілген лицензиясынан өмір бойына айырылды. Соның салдарынан кәсіпкер өз бизнесін сатуға мәжбүр болды.
Қазіргі таңда нысанның жаңа иесі құжаттарды заң талаптарына сәйкес рәсімдеген. Дегенмен мекеме бұрынғыдай полицияның ерекше бақылауында қалып отыр, себебі онда қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері бірнеше рет тіркелген. Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері аудан аумағындағы сегіз қоғамдық тамақтану орнында алкоголь өнімдерін түнгі уақытта және 21 жасқа толмаған азаматтарға сату деректері анықталған. Осы құқық бұзушылықтарға байланысты аталған нысандардың алкоголь өнімдерін өткізуге берілген лицензияларының қолданылуы бір ай мерзімге тоқтатылды.

– Қаңтар айынан бері ауданда мас күйінде жасалған 11 қылмыс тіркелді. Алкоголь заңнамасының сақталуын бақылау және оның бұзылуына қарсы күрес – құқық бұзушылықтардың алдын алудағы маңызды бағыттардың бірі. Алты ай ішінде полиция қызметкерлері үй жағдайында немесе лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатудың 12 фактісін анықтады. Заңсыз айналымнан 200 литрден астам, оның ішінде контрафактілік алкоголь өнімдері тәркіленді. Сонымен қатар алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі емделуге сегіз адам жіберілді.– дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов.
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заң талаптарын сақтау қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, қылмыстың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталғанын еске салады.

