Петропавлдағы жылу желілерінің тозығы 81 пайыздан асады
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлда аралап, қаладағы жылу желілерін жаңғырту, ірі спорт нысандарын салу, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және облыс орталығын абаттандыру жөніндегі жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

СҚО әкімдігінің мәліметінше, Петропавлда жылу желілерінің тозығы 81 %-дан асқан. Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында бес жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта № 2, № 3 және № 8 жылу магистральдарын қайта жаңарту жұмыстары қолға алынған. Бұл жобалар қаланың орталық бөлігін, Жұмысшы кентін, теміржол вокзалы маңын, сондай-ақ Жас Өркен, Орталық және Береке шағын аудандарын қамтиды. Биыл № 8 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде жылу желілерінің жалпы тозу деңгейі 1,7 %-ға төмендейді. Барлық жобалар толық жүзеге асырылғаннан кейін келесі жылы бұл көрсеткіш 5 %-ға азаяды. Атқарылған жұмыстар жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттырып, апат қаупін төмендетуге және жаңа нысандарды қосуға қажетті резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Облыс орталығы солтүстік-батыс бағытта қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты Қизатов көшесін айналма жолдан Бірлік шағын ауданына дейін қайта жаңарту жобасы әзірленуде. Ұзындығы 6,8 шақырым болатын жол бөлігінде төрт жолақты көлік жолын салу, екі жағынан ені үш метрлік жаяу жүргіншілер жолы мен велосипед жолағын қарастыру жоспарланған. Бірлік шағын ауданының маңында жалпы сыйымдылығы 10 мыңнан астам көрерменге арналған екі ірі спорт нысанының құрылысы жүргізілуде.
Көпфункционалды мұз аренасында ұзындығы 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, халықаралық стандарттарға сай хоккей алаңдары және керлингке арналған алаңдар қарастырылған. Мұнда спорттың түрлі бағыттарымен айналысуға арналған барлығы 11 кеңістік құрылады. Әмбебап спорт кешенінде ұзындығы 50 метрлік олимпиадалық бассейн және гимнастика, фитнес, күрес секілді спорт түрлеріне арналған жеті мамандандырылған зал орналасады. Жаңа нысандар бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, спортшыларды даярлауға және түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге заманауи жағдай жасайды. Сонымен қатар Қазақстан Конституциясы көшесін қайта жаңартудың екінші кезеңі жалғасуда.
Қазіргі уақытта сегіз тұрғын үйдің қасбеті мен кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті жаңартылып жатыр. Кешенді абаттандыру жұмыстары облыс орталығындағы басты көшелердің бірінде заманауи әрі біртұтас сәулеттік кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

