Тайынша қаласының күні аталып өтілді
Тайынша қаласында Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің атынан Тайынша тұрғындарына жолданған құттықтау хатын облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев оқып берді.
— Тайынша – тарихы терең, еңбек дәстүрі берік қалыптасқан, бірлік пен жасампаздық салтанат құрған қала. Теміржол бойындағы шағын елді мекеннен ауданның әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығына дейінгі қалыптасу жолында бірнеше буын өкілдерінің қажырлы еңбегі жатыр. Бүгінде Тайыншаның басты байлығы – туған жеріне адал, еңбекқор, ел болашағына бейжай қарамайтын тұрғындары, – делінген облыс әкімінің құттықтауында.
Бүгінде Тайынша өңірдің маңызды аграрлық және индустриялық орталықтарының бірі ретінде қарқынды дамып келеді. Мұнда республикалық деңгейдегі кәсіпорындар жұмыс істейді. Соның ішінде BioOperations – Қазақстандағы биоэтанол өндіретін жалғыз кәсіпорын әрі астықты терең өңдеу саласындағы ірі өндірістердің бірі. Сондай-ақ еліміздегі алғашқы селекциялық-гибридтік орталықтың құрылысы басталды. Жоба іске қосылғаннан кейін 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қала маңында құрылған аумағы 200 гектарды құрайтын «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының субаймағы аудан экономикасының дамуына қосымша серпін бермек. Оның аясында жаңа инвестициялар тартылып, заманауи өндірістер іске қосылып, жаңа жұмыс орындары құрылады.
Қала күнінің маңызды оқиғаларының бірі – жаңа IT-орталықтың ашылуы болды. Бұл – еліміздегі ең заманауи аудандық цифрлық орталықтардың бірі. Мұнда жастар бағдарламалау, робототехника және жасанды интеллект бағыттарын меңгеріп, өз жобаларын әзірлеп, цифрлық экономикада сұранысқа ие дағдыларды игере алады.
Қала күніне арналған мерекелік шаралар түрлі буын өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, Тайыншаның жетістіктерін, еңбек әлеуетін және келешектегі даму мүмкіндіктерін айқындаған маңызды мерекеге айналды.

