СҚО полицейлері синтетикалық есірткінің аса ірі партиясын жеткізбек болған күдіктінің жолын кесті
СҚО полицейлері синтетикалық есірткінің аса ірі партиясын жеткізбек болған күдіктінің жолын кесті, – деп хабарлайды тілшіміз.
Есірткіні жеткізу арналарының жолын кесу – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Тамыз айында солтүстікқазақстандық полицейлер астаналық әріптестерімен бірлесіп, Петропавл қаласына кіреберістегі «Оңтүстік» бақылау бекетінде «Toyota Alphard» автокөлігін тоқтатты. Салонда отырған 52 жастағы жолаушыдан сарғыш түсті кесектелген зат салынған 3 полимерлік түйіншек және бөлшектеп өлшеуге арналған құрал-жабдықтар, дәлірек айтқанда таразы мен буып-түю материалы тәркіленді. Сараптама нәтижесі тәркіленген заттың аса ірі мөлшердегі α-PvP синтетикалық есірткісі екенін көрсетті. Және оның жалпы салмағы – 624 грамм.
«Бұл партия екі мыңға жуық адамды нашақорлыққа тартуға жеткілікті. Күдікті есірткі таратумен айналысатын интернет-дүкендердің бірінде бөлшектеп-өлшеуші болып жұмыс істеген. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Баптың санкциясы 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», – деп түсіндірді СҚО ПД ЕҚҚІҚБ бастығы Иван Терзиди.