Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

СҚО-да 20,7 млрд теңгеге 25 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда

Бүгін Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйі ашылды. Жаңартылған нысанға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және «Қазақстан халқына» қоры басқармасының төрайымы Ләззат Чинкисбаева барды. Қордың қолдауымен Тайынша ауданының Теңдік ауылындағы Мәдениет үйі мен Уәлиханов ауданының Бидайық ауылындағы әмбебап спорт кешені де пайдалануға берілді.

Қор аталған әлеуметтік нысандарды заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті техникамен, жиһазбен және инвентарьмен толық қамтамасыз етті. Соның арқасында тұрғындар тек жаңартылған ғимараттарға ғана емес, шығармашылықпен айналысуға, спортпен шұғылдануға, мәдени іс-шаралар өткізуге және бос уақытты тиімді ұйымдастыруға арналған заманауи кеңістіктерге ие болды.

Соңғы төрт жылда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен өңірде жалпы сомасы 20,7 млрд теңгеден асатын 25 жоба жүзеге асырылды және іске асырылып жатыр.

Қордың су тасқыны кезеңінде көрсеткен көмегі де айрықша маңызға ие болды. «Бірлік» шағынауданында зардап шеккен отбасыларға жаңа үйлер салуға 5 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Мектептерді жабдықтауға және білім беру үдерісінің сапасын арттыруға 4 млрд теңгеден астам, модульдік спорт залдарын салуға 600 млн теңгеден астам, денсаулық сақтау саласын дамыту мен медициналық ұйымдарды жарақтандыруға 7,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және қала мен ауыл тұрғындары үшін заманауи жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл бағыттағы маңызды серіктестеріміздің бірі – «Қазақстан халқына» қоры. Өңірге тұрақты қолдау көрсетіп, тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асырып келе жатқан Қор басқармасының төрайымы Ләззат Чинкисбаеваға және бүкіл ұжымға ерекше алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда тағы бірнеше маңызды жоба аяқталу сатысында. Олардың қатарында Тайынша ауданының Чкалово ауылындағы оңалту орталығы, Петропавл қаласындағы 280 орындық балабақша және екі модульдік спорт залы бар.

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *