СҚО-ДА АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ САЙЛАУЫНА 101 КАНДИДАТ ТҮСЕТІН БОЛДЫ
Солтүстік Қазақстан облысында отыз екі ауыл және бір аудандық маңызы бар Тайынша қаласында жаңадан әкім сайланады. Саяси науқан өңірде 27 тамыз күні өтеді деп жоспарлаған.
Бүгінгі күні аудандық маңызы бар қала және ауылдық округтер әкімдеріне кандидаттарды тіркеу аяқталды. Жауаптылардың айтуынша бір орынға шамамен үш үміткерден келеді,
Қазір оған дайындық қызу. Алғашында барлығы 109 кандидат ұсынылыпты. Ал оның алтауы ҚР мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеді. Тағы екеуі тиісті құжаттарын сайлау комиссиясына уақытылы ұсынбаған. Сондықтан оларды тіркеуден алу туралы шешім қабылданыпты. Осылайша бүгінде 101 кандидат тіркеуден өтті.Оның 28-і саяси партиялардан, қалғаны өзін-өзі ұсынғандар.
«AMANAT» партиясынан – 24 үміткер,
«АУЫЛ» ҚХПП – 2 үміткер,
«ҚХПП» — 2 үміткер
«АҚ ЖОЛ» ҚДП – 2 үміткер.
СҚО сайлау комиссиясының мәліметінше, әкім сайлауы өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты – Айыртау, Ақжар, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайынша, Тимирязев, Шал ақын аудандарында, ал әкімдер өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты – Айыртау, Аққайың, Есіл, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тимирязев, Шал ақын аудандарында болады.
«Заң бойынша сайлау учаскелері жиырма күн бұрын ашылады. Бес күн олар құжаттармен жұмыс істейді. Сайлауға он бес күн қалған кезде сайлаушылар өздері тізіммен таныса алады. Жалпы осы 32 округтық және 1 аудандық маңызы бір қаладағы сайлауға елу мыңнан астам сайлаушы қатысады. Және 50 мыңнан астам адам дауыс береді» , — дейді СҚО сайлау комиссиясының мүшесі Сағындық Рахымжан.
Бүгінгі күні үміткерлердің барлығының құжаттары арнайы тексеруге жіберілді. Тіркелгендерінің алды куәліктерін алып, сайлау бюллетеніне енгізілді.