СҚО-да «Жас сақшы» сыныбы ашылды
«Жас сақшы» сыныбы Айыртау ауданына қарасты Саумалкөл қазақ орта мектебінде ашылды. Оған 18 ұл мен қыз кірді.

Жоба полицияның, аудан әкімдігінің және жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен ашылып отыр. Оқушылар мектеп бағдарламасынан бөлек, тәжірибелі офицерлердің жетекшілігімен саптық және дене шынықтыру сабағымен айналысады. Бұдан басқа, құқықтық сауаттылық пен тәртіпті дамыту бағытында білім алмақ. Болашақта мұндай база түлектерге ішкі істер, Қорғаныс министрлігінің және басқа да күштік ведомстволардың жоғары оқу орындарына түсуге септігін тигізбек.
Оқушылар үшін мектепте жеке кабинет жабдықталды. Онда Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алу бұрышы, ведомстволық оқу орындары туралы көрнекі стендтер рәсімделді. Еліміздің халық қаһармандарының портреттері орналастырылды.
Сыныптың салтанатты ашылу рәсімі полиция департаментінің бастығы Руслан Назаровтың қатысуымен өтті. Сондай-ақ Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаев, ардагерлер, педагогтар мен ата-аналар қатысты.
— Мұндай сыныптардың басты міндеті – болашақ қызметкерлерді дайындау ғана емес. Жас кезінен бастап жасөспірімдерге «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде зейінді, жауапкершілікті және ережелерді құрметтеуді үйрету. Балалар қауіпсіздік негіздерін түсінуді, өз іс-әрекеттерінің салдарын түсінуді және тәуекелдерге сауатты жауап беруді үйренеді. Бұл жаңа буынның құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды инвестицияға айналуда, — деп атап өтті Руслан Назаров.
Саумалкөл сыныбы Солтүстік Қазақстан облысында тоғызыншы болды. Жақында Мағжан Жұмабаев ауданында — Булаево, Возвышенка және Қарақоғада оқушылар үшін осындай сыныптар ашылды.

