СҚО-да 64 медициналық ұйым жөндеуден өтті
Соңғы екі жылда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 12,2%-ға өсіп, 93,2 млрд теңгеге жетті. 2025 жылы медициналық жабдықтарды жаңартуға 11,2 млрд теңге бағытталды, ал 2026 жылға тағы 5,3 млрд теңге қарастырылған.
Облыс әкімдікте өткен жиында белгілі болғандай, облыстың медициналық ұйымдарында 4 МРТ, 13 КТ аппараты, 5 ангиограф, 20 цифрлық маммограф және сарапшылық деңгейдегі 43 ультрадыбыстық зерттеу аппараты жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, өңір ауылдарында 46 жаңа медициналық нысан салынды. Үш жылда 64 нысан жөнделді. Жыл соңына дейін Бескөлдегі бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын емхананың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Петропавлда жедел медициналық жәрдем станциясы мен 480 орындық көпбейінді облыстық аурухана салынып жатыр. Саумалкөлде бір ауысымда 200 адамды қабылдайтын емхана мен 100 орындық аурухана жобалануда.
Отырыста жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңарту мәселесі де талқыланды. Үш жылда 65 санитариялық автокөлік сатып алынды, биыл тағы 37 көлік алу көзделген. Әсіресе ауылдық жерлерде көлікке қажеттілік сақталып отыр. Облыс әкімі аудан әкімдеріне бұл мәселені шешуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тартуды тапсырды.
Үш жылда өңірге 262 жас маман тартылды. Жыл соңына дейін тағы 55 дәрігердің келуі күтілуде. Мамандарға 5 млн теңгеге дейін, ал аса тапшы мамандықтар бойынша 8,5 млн теңгеге дейін көтерме ақы төлеу және тұрғын үймен қамтамасыз етуге қолдау көрсету қарастырылған. Соңғы екі жылда резидентурада оқуға 90 грант бөлінді. Биыл Kozybayev University «Жалпы медицина» бағдарламасы бойынша 85 түлек даярлады. Университет пен медициналық колледж түлектерінің 80%-дан астамы өңірде жұмыс істеуге қалады. Жиын қорытындысында өңір басшысы медициналық нысандар құрылысының мерзімі мен сапасын бақылауда ұстауды, мамандарды тарту жұмысын күшейтуді және диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ тұрғындардан шағым жиі түсетін медициналық ұйымдардың жұмысына ерекше назар аударуды талап етті.

