Новоишим ауылындағы ауруханаға 7 жедел жәрдем көлігі сатып алынды
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғабит Мүсірепов ауданында болып, Новоишим ауылындағы денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысымен танысты.
Новоишим ауылында төрт жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмай тұрған бұрынғы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратын қайта жаңғырту жоспарлануда. Мұнда бірнеше ауданның 95 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсететін, бейінді мамандардың медициналық көмегін қолжетімді ететін ауданаралық аурухана ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Өңір басшысы жобаны жан-жақты пысықтауды, сондай-ақ Тахтаброд ауылындағы медицина мамандарының тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды.

Ауылдық денсаулық сақтау саласын дамытуға жергілікті аграршылар да елеулі қолдау көрсетуде. Ғ. Мүсірепов атындағы аудан М. Жұмабаев ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бастаған игі бастаманы қолдаған үшінші аудан болды. Кәсіпкерлердің қаражатына аудандық аурухана үшін жалпы құны 70 млн теңгеге жуық 7 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Нәтижесінде аудандағы 17 ауылдық округтің барлығы арнайы көлікпен қамтамасыз етілді. Облыс әкімі ауыл медицинасының дамуына үлес қосқан кәсіпкерлерге алғыс білдірді.

