Петропавлдық көпбалалы әке пәтерін 18 жылдан бері өз атына рәсімдей алмай әлек
Петропавл қаласында тұратын көпбалалы әке пәтер ақысын толық төлегеніне қарамастан, 18 жыл бойы баспанасын өз атына рәсімдей алмай келеді. Осы мәселенің шешімін табу мақсатында ол «Әділет» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдауға жүгінді.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өткен азаматтарды қабылдау «Әділет керуені», «Құқықтық көмек» және «Заң алаңы» партиялық жобалары аясында ұйымдастырылды. Тұрғындардың өтініштерін партияның өңірлік филиалының басшылығы, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, қаржы ұйымдарының өкілдері мен заңгерлер қарады.
Валерий Фоменконың айтуынша, пәтерді сатып алу-сату шарты сонау 2008 жылы жасалған. Отбасы келісілген соманы толық төлегенімен, сатушылар мәмілені соңына дейін рәсімдеуден жалтарған. Өтініш иесі бірінші сатыдағы соттың шешімімен де келіспейді. Оның пікірінше, сот төлем жасалғанын растайтын түбіртектер мен ақшаның берілгенін дәлелдейтін құжаттарды тиісті деңгейде ескермеген.
— Біз өтініш иесіне адвокатпен бірлесіп жұмысты жалғастыруға кеңес бердік. Ендігі кезекте заң аясында қандай процестік мүмкіндіктерді пайдалануға болатынын анықтау қажет. Пәтер құнының төленгенін растайтын құжаттар бар екенін ескерсек, даудың оң шешілу мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Ол үшін іс материалдарын жан-жақты зерделеп, алдағы құқықтық іс-қимылдың бағытын айқындау керек, — деп түсіндірді қоғамдық қабылдау мамандары.
Қабылдауда көтерілген өзекті мәселелердің бірі – еңбекақының төленбеуі. «Строй Сервис» ЖШС-нің бірнеше қызметкері атқарған жұмысы үшін тиесілі жалақысын ала алмай жүргенін жеткізді. Мамандар оларға еңбек құқықтарын қорғаудың заңда көзделген тетіктерін түсіндіріп, алдағы әрекеттердің тәртібі жөнінде кеңес берді.
Қоғамдық қабылдауға барлығы 14 азамат жазылған. Тұрғындар жер даулары, саяжай учаскелерінің мемлекет мұқтажына алынуы, кондоминиум нысандарын басқару, әлеуметтік төлемдер мен құжаттарды рәсімдеу мәселелерін де көтерді. Семей ядролық полигонындағы жерасты сынақтарына қатысқан азаматтардың бірі коммуналдық шығындарды өтеуге арналған жәрдемақыны ала алмай жүргенін айтты. Тағы бір тұрғын банкпен арадағы тұрғын үй дауын шешуге көмек сұрады. Мамандар өтініш иелеріне құқықтық түсіндірмелер мен ұсыныстар берді. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер жеке тәртіппен қаралатын болады.

