Бескөлде жаңа емхананың құрылысы аяқталды
Қызылжар ауданының орталығы Бескөлде жаңа емхана салынып аяқталды. Медициналық мекемені тұрғызуға 5,1 млрд теңге жұмсалды. Емдеу мекемесінің алғашқы қонағы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова болды.
Жаңа ғимарат күніне 250 тұрғынды қабылдауға қауқарлы. Айта кеткен жөн, бұрын ауылдықтар ескі ғимаратта орналасқан емханаға жүгінетін. Енді заманауи нысанда дәрігерлердің қызметін алмақ.
Жаңа ғимаратта 184 қызметкер жұмыс істемек. Биыл аудандық ауруханаға 16 дәрігер жұмысқа қабылданғанын атап өткен жөн. Олардың 12-сі – жас маман.
Емхананы аралаған денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ауыл медицинасына мамандар тарту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы үш жылда медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау көрсету үшін үш заңнамалық өзгерістер пакеті қабылданған.
— Қазір депутаттармен бірлесіп, медицина қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайын жасауға бағытталған жаңа түзетулермен жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта медицина қызметкерлердің жалақысын өсіру жоспарда бар, – деді министр.
Әзірге емхана жергілікті тұрғындарды қабылдамайды. Жоспар бойынша нысан 2027 жылдың қаңтар айында іске қосылады.

