ҚР Денсаулық сақтау министрі Петропавлдағы медициналық жобалармен танысты
ҚР Денсаулық сақтау министрі облысқа сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы ірі медициналық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Қалада 480 төсек-орынға арналған көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы жалғасуда. Мұнда кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, қан тамырлары хирургиясы және басқа да бағыттар бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Нысанда темірбетон конструкцияларын тұрғызу аяқталды. Қазір қабырғаларды қалау, қасбеттерді монтаждау және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Аурухананы 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Қопай шағын ауданында жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсетуге арналған облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы салынып жатыр. Жобада 20 санитариялық көлікке арналған гараж, жөндеу және жуу базалары, сондай-ақ медицина қызметкерлерін даярлайтын симуляциялық орталық қарастырылған. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар бұрынғы № 2 түзету мектебі ғимаратының күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Мұнда менталдық ауытқулары бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. Орталықта әртүрлі бейіндегі мамандар жұмыс істеп, балаларға қажетті терапиялық көмек көрсетіледі. Жыл сайын 500-ге дейін бала оңалтудан өте алады.
Бұл жобалар облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтіп, медицина қызметкерлеріне заманауи жұмыс жағдайын жасауға бағытталған.

