Жол жөндеген мердігер жауапқа тартылды
СҚО прокуратурасы Тимирязев ауданында «Тимирязево – Докучаево» автомобиль жолын орташа жөндеуге бөлінген 87 млн теңге бюджет қаражатын заңсыз иемдену фактісін анықтады.
Прокуратураның хабарлауынша, алаяқтық жасады деген күдікпен мердігер ұйымның бұрынғы басшысы қамауға алынды.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, бұл дерек Тимирязев ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметіне жүргізілген тексеру барысында анықталған.
Биылғы 12 қазанда материалдар прокуратураның Ақпаратты есепке алу кітабында тіркеліп, облыстың Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Сол күні Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу барысы облыс прокуратурасының бақылауында.

