Петропавлда жоғалған бала пештен табылды
Петропавлда таңертең үйінен шығып үйге оралмаған бала полицейлермен кешкі уақытта табылды. 13 жастағы оқушыны іздеуге дрондар мен тәртіп сақшылары жұмылдырылды.

СҚО ПД мәліметінше, оқиға 10 қарашада Жұмысшы кентінде орын алды. Сағат 17:30 шамасында «102» арнасына Петропавл тұрғыны хабарласып, таңертең үйінен шығып кеткен 13 жастағы ұлын таба алмай жатқанын айтқан.
Полицейлер хабар түскен бойда іздеу жұмыстарына кіріскен. Патрульде жүрген полицияның кешенді күштері жұмылдырылып, арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері де іздеуге қосылды.
Сондай-ақ, Жұмысшы кентінің маңайын тексеру үшін аспанға үш дрон көтерілген. Ал жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексерді. Нәтижесінде жасөспірімнің жүрген бағыты анықталып, оның Зайцев көшесіне қарай кеткені белгілі болды.
Көп ұзамай оқушы үйлердің бірінің жанында орнатылған сәндік пештің ішінен табылды. Полицейлердің айтуынша, бала сол жерде жылынбақшы болып, ұйықтап кеткен. Тәртіп сақшылары оны аман-есен үйіне жеткізді.

