СҚО-да шағын және орта бизнес қарқынды дамуда
Солтүстік Қазақстан облысында шағын және орта бизнес жетекші орынға шыға бастады. Бұл қарапайым халық мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көре бастады деген сөз. 2010 -2022 жылдары аралығынла өңірде бұл саланы дамытуға 378 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған. Істің көзін тапқандар бүгінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, өз өнімдерін экспортқа шығарды, деп хабарлайды тілшіміз
Бұрындары солтүстікқазақстандықтар көзге лазерлік коррекция жасату үшін көбіне көрші Ресей еліне баратын. Биылдан бастап бұл операция Петропавлда жасала бастады. Қала тұрғыны Олеся Леонтьева мемлекеттік бағдарламаның арқасында шетелден арнайы медициналық қондырғы сатып алды. Қазір офтальмологиялық орталықта күніне 50-ге тарта науқас ем қабылдайды.
«Кәсіп бастап, оны одан әрі кеңейту үшін қыруар қаражат қажет. Бұл ретте елімізде өз ісін дөңгелетемін деген жандарға барынша көмек көрсетіліп жатыр. Мәселен біз қаңтар айында 225 миллион теңгеге жеңілдетілген несие рәсімдеп, арнайы аппарат сатып алдық. Қазір Қарағанды қаласынан келген дәрігер операция жасайды. Енді болашақта өз мамандарымызда оқытатын боламыз», — дейді кәсіпкер Олеся Леонтьева.
Соңғы жылдары өңір халқының түрлі кәсіпке дағдыланып, өз ісін ашуға деген белсенділігі жоғарлаған. Себебі тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды сезінді. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 34 мыңнан астам адам шағын және орта бизнеспен айналысады. Көбі өңдеу, тасымалдау және қызмет көрсету саласын таңдаған.
«Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары жүзеге аса бастаған кезден бері, өңірде 378 миллиард теңгенің 5600-ден астам жобасы мақұлданды. Осының арқасында облыста жеті мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Бюджетке түсіп жатқан салықта жыл санап артып келеді. Ең бастысы аймақтағы кәміпкерлер арасында бәсекелестік пайда болды»,- дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Гүлбаршын Дәулетбаева.
Жалпы жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 400-тен астам жоба қаржыландырылды. Қазіргі таңда тағы 150 азаматтың өтініші қаралып жатыр. Енді еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында Үкіметке осындай тапсырма жүктеді.