СҚО-да 183 дәрігердің орны бос тұр
Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер тапшы. Қазір өңірдегі емдеу мекемелеріне 183 медицина маманы қажет. Ал жауаптылар болса бұл мәселені алдағы 3-4 жылда толығымен шешеміз деп сендіріп отыр. Ол үшін жергілікті атқарушы билік өкілдері ауылды жерге жұмысқа барғандарға 5 миллион теңгеге дейін көтермеақы төлеуге дайын, деп хабарлайды тілшіміз.
Семей қаласының тумасы Әйгерім Мамырханова қолына дипломын алған жас маман. Өңірде ақ халатты абзал жандарға жасалып жатқан жағдайды естіп, еңбек жолын солтүстіктен бастауды жөн санапты. Осылайша ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жұмысқа орналасты.
«Барлық жағдайды қарап, ең бірінші жолдасыммен ақылдасып осында келуге бел будым. Келгеніме еш өкінбеймін. Мына жақта шынымен де жүрегінде ақауы бар балалар өте көп екен. Қазір күніне 18-20 науқасқа дейін қабылдаймын. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында біз екі-ақ дәрігерміз. Біріншісі -Байқабекова Шолпан Қайырбековна. Ал екіншісі мен», — дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының кардиолог дәрігері Әйгерім Мамырханова.
Соңғы екі жылда балалар ауруханасы 30-ға тарта дәрігермен толықты. Осылайша медициналық мекемеде кадр мәселесі түбегейлі шешілді. Дегенмен аудандарда жағдай мәз емес. Әсіресе қазір онколог, акушер- гинеколог, анестезиолог сынды мамандарға сұраныс жоғары. Аталған мәселені шешу үшін жергілікті билік биылдан бастап көтермақы көлемін екі есеге дейін арттырмақ. Мұнымен қоса әлеуметтік қолдау тағы бар.
«Солтүстік Қазақстан облысында көтермеақы өткен жылы 2,5 милллион болған, егер дәрігер ауданға барса. Қалаға келсе 1,5 миллион болған. Бір жылдың көлемінде дәрігерлерді көптеп тарту мақсатында біздер ол көтермеақыны екі есеге дейін көтеріп жатырмыз. Енді ауданға барса 5 миллион, қалаға келетін болса 3,5 миллион теңге беріледі. Бұдан қоса медииналық ұйымның атыннан тағы көмек көрсетіледі», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нүржан Тағаниязов.
Дәрігер тапшылығы –өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі. Сондықтан аймаққа жұмысқа келгендерге медициналық ұйымның атынанда материалдық қолдау көрсетіледі. Мұнымен қоса, резидентурада оқуға ниетті мамандардың ақысын төлеп беруге дайын.