Петропавлда жазасын өтеп жатқан әйелдер кәсіп меңгерді
Петропавлда жазасыз өтеп жатқан әйелдер тағы бір кәсіп түрін меңгерді. Енді заңның ала жібін аттап, темір торға тоғытылған 5 нәзікжанды кондитерлік өнімдер пісіре алады. Ол үшін №50 мекеме қабырғасында шеберлік сабағы ұйымдастырылды, деп хабарлайды тілшіміз.
Арнайы шараны он саусағынан бал тамған аспаз, жергілікті кәсіпкер Динара Тамышева өткізді,
«Бүгінгі оқытушымен бұрыннан таныспыз. Ол «Мен кәсіпкер» жобасы аясында білген-түйгенімен бөліскен болатын. Бұл жолы да өтінішті жерде қалдырмай, мекемеге келіп отыр», — деді СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әсел Самратова.
Шеберлік сабағына қатысқан 5 әйел жақында бостандыққа шығатын болады. Ұйымдастырушылар сол себепті дәл осы сотталғандарды таңдап алыпты. Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификат табысталды. Ал бұл құжаттың берері мол. Болашақта сертификат арқылы жұмысқа тұруға немесе жеке бизнес бастауға болады.
«Біздің мекемеде әртүрлі бағытта білім алуға мүмкіндік бар. Үйде өзімнің отбасым үшін түрлі тағамдар дайындадым. Болашақта кондитерлік дүкен ашқым келеді», — дейді жазасын өтеп жатқан нәзік жанды Мария Шмелькова.
Темір тордың ар жағындағы оқыту жұмыстары жалғасын табады. Келесі жолы жергілікті Кәсіпкерлер палатасының өкілдері жазасын өтеп жатқан жандарға кәсіпкерлік негіздерін үйретуді жоспарлап отыр.