Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

«Сәтін салса, келер жылы жерімізді қайтарамыз»: Заңсыз сатылып кеткен жерін даулап жүрген Балуан ауылының халқы кезекті сотта жеңіске жетті (Видео)

Жер үшін дауласып жүрген Балуан ауылының халқы кезекті сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды тілшіміз.

Бір кездері аталған елді мекенде 150-ге жуық шаңырақ түтін түтеткен. Қазір Балуан ауылында бар-жоғы санаулы үй қалды.  2011 жылы 286 азамат шартты жер үлесінен қағылды. «Аңқау елге арамза молданың» тірлігін «Казипрохем Агро» серіктестігінің басшылары жасаған. Олар 4322 гектар жерді халықтың рұқсатынсыз кепілге қойып, 250 тонна элиталық тұқым сатып алған. Бірақ сол күйі  қарызын өтелмеген. Осылайша ол аукционға шығарылып, 7 жер учаскесін «Айгүл» фермерлік шаруашылығы сатып алады. Ал, оны балуандықтар 2016 жылы ғана естіген.

Жер заңсыз сатылып кеткен соң, «Балуан СК» серістестігі жабылады. Артынша оның сәйкестендіру нөмірі Маңғыстау облысына өткендігі белгілі болды. Сол себепті іс былтыр Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды. Онда тұрғындардардың құқығы қорғалып, пай иелері жиналысының хаттамасы жалған деп танылды. Алайда жерді сатып алған «Алгүл» шаруа қожалығымен «Малик» ЖШС –гі бұл шешіммен келіспей апелляцияға шағым түсіреді. Бірақ ол кездегі шешім де халық жағында болады.

Ал шілде айында Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Шал ақын ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімімен халықтың жерін заңсыз алған «Казипрохем Агро» серіктестігі арасында жасалған келісім- шарттардың жарамсыз екендігін анықталды.

Жерді пайдаланып отырғандар тағы апелляциялық сотқа шағым түсірген.  Күні кеше облыстық соттың алқа мүшелері оны  да қанағаттандырмады. Шілдедігі шешім сол күйінде қалып, заңды күшіне енді.

«Біз жерімізді қайтару үшін соңына дейін барамыз. Әділдікті орнатуға көмектесіп жатқан СҚО Прокуратурасына, облыстық соттың судьяларына үлкен рақмет. Ең бастысы осы істі бастап берген облысымыздың бұрыңғы прокуроры Бағбан Тайымбетұлына ризашылығымыз шексіз», — деді Балуан аулының белсендісі Дихан Кәрішалов.

Осы сұрақпен айналысып жүрген білікті заңгер Әсел Мержақып сәтін салса даулы  мәселеге келер жылдың күзінде нүкте қойылу керектігін айтты.

«Жерді қайтару жолындағы кезекті жеңіспен барша Балуан ауылының халқын құттықтаймын. Енді біз нық сеніммен алға басамыз. Себебі осымен екінші соттың нүктесі қойылып отыр. Шешімдердің барлығы халықтың жағында. Дегенмен алда атқаратын шаруа көп. Сәтін салса, алаяқтық жолмен сатылып кеткен 4300 гектардан астам жерді  тұрғындарға қайтарамыз. Ендігі кезекте біз жерді кепілге қойғандағы құжаттарды бұзатын боламыз.  Артынша аукциондардың заңсыз өткендігін жоққа шығаруымыз керек. Бәрі жақсы болса, 2024 жылдың күзіне дейін біз 286 пайшының жерін қайтарамыз деген ойдамын», — деді заңгер Әсел Алмабекқызы.  

Жер сатылған соң Балуан ауылының шаңырағы ортасына түскені жасырын емес.

Тоқсаныншы жылдардың басында мұнда жаңадан екі қабатты мектеп тұрғызылған еді. Еліміз тәуелсіздік алған шақта онда  шамамен 200-ге жуық оқушы білім алды. Жергілікті халықтың көбі мал шаруашылығымен айналысты. Қазір бір кездері жұмыс істеп тұрған кітапхана, клуб, наубайхана және медициналық пункттің үйінділері ғана қалды.  

Енді сәтін салып, шартты жер үлестерінің құқығы толығымен қорғалса, халық ауылға қайта көшіп баруға бел буып отыр.

 

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *