Петропавлда Республика күні мерекесі кең көлемде тойланды
Еліміздің солтүстігінде Республика күнін кең көлемде тойланды. Петропавл қаласының тұрғындары үшін орталық алаңда тарихи қойылым көрсетіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты, деп хабарлайды тілшіміз.
Алдымен орталық алаңға жиналған шаһар тұрғындары мемлекетті әнұранды орындады. Артынша елімізге белгілі актер Дәулет Әбдіғаппаровтың қатысуымен «Менің Қазақстаным» атты мерекелік концерт өттіі.
«Қызылжарлықтарды ұлттық мейрам – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман болсын. Бірлігіміз жарасып, әрқашан осылай көк туымыз көкте желбірей берсін. Бүгін Қызылжарлық қауымның алдында «Керей мен Жәнібек» қойылымын ұсыну үшін арнайы келдім. Тарихи көрініс. Қазақ хандығының құрылу тарихын қазақ театрының әртістерімен бірлесе көрсететін боламыз», – деді актер Дәулет Әбдіғаппаров.
Бұдан соң қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары жиналған жұртшылыққа ән мен биден шашу шашты.
«Барлықтарыңызды ұлттық мерекемен құттықтаймын. Бүгін біздің өнерпаздар қызылжарлық қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлап, өз өнерлерін көрсететін болады. Қызықты бағдарлама әзірленд», – дейді Петропавл қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхамедәлі Испанов.
Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан орталық алаңға жиылған тұрғындардың қарасы қалың болды. Артынша орталық алаңда айтулы мерекеге орай орай ретро әндер шырқалды. Осылайша халық 1990-2000 жылдардың туындыларын тыңдауға мүмкіндік алды.
Салтанатты шара барысында әр түрлі жанрдағы 40-қа жуық ән шырқалды. Ұлттық мерекеге орай қала тұрғындары үшін концерттік бағдарламадан бөлек интерактивті алаң ұйымдастырылды. Ол жерде тұрғындарға еліміздің тарихы туралы сұрақтар қойылды.
«Интерактивті ойын Қазақстан аумағында серуендеу деп аталады. Онда Петропавлдан Түркістанға дейін түрлі тапсырмалар орындап, жаяу жүріп өту керек. Қатысушылар сүйектерді лақтырып, фишкаларды пайдаланып, республика картасы бойынша қозғалады. Жеңіске жеткен қатысушыларға тәтті сыйлықтар беріледі», – деді И. Шухов атындағы кітапхана қызметкері Ләззат Бримова.
Орталық алаңда мерекеге орай киіз үйлер тігілді. Ол жерде өңір тұрғындарының назарына қолөнер көрмесі мен елімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық киімдері де ұсынылды.