Петропавл қаласының тұрғыны Анар Хамзина мемлекет қолдауының арқасында кәсіп ашты
Петропавл қаласының тұрғыны мемлекет қолдауының арқасында өз ісін ашты. Үш баланың анасы Анар Хамзина енді төсек-орын жабдығы мен үйге арналған киімдерді саудаламақ, деп хабарлайды тілшіміз.
34 жастағы келіншек бұрыннан бері жеке кәсібін ашуды армандаған екен. Үш бала тәрбиелеп отырған келіншек, мақсатына қол жеткізу үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша шағын несие алған. Республика күні мерекесінде ол төсек-орын жабдығы мен үйге арналған киімдер дүкенін ашты.
«Жазда мен кәсіпкерлер палатасының қолдауымен арнайы курстан өтіп, SMM мамандығын меңгеріп алдым. Біраз жыл бала күтімі бойынша демалыста отырдым. Сондықтан бизнес идеялар көп болды. Бірақ кейін төсек-орын жабдықтары мен үй киімінің әрқашан қажет екендігін түсіндім. Жақындарым да қолдап, көмек көрсетті», – дейді жас кәсіпкер Анар Хамзина.
Шағын несиелеу бағдарламасы бойынша жастарға 5 млн теңгеге дейін қаржы беріледі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі- 2,5% құрайды. Несие мерзімі – 5 жыл. Және ең басты шарты – қарыз алушының жасы 21 мен 35 жас аралығында болуы керек.
«Әзірге өзім жалғыз жұмыс істейтін боламын. Кейін, әрине қызметкерлер алу жоспарда бар. Ол үшін Мансап орталығына жүгінемін. Сол жерде олар маған сатушыларды табуға көмектеседі», – дейді кәсіпкер.
Мансап орталығы кәсіпкерлерге қызметкерлерді табуға көмектеседі. Алты бағытты қамтиды. Ол – қоғамдық жұмыстар, «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас». Қазіргі күні аталмыш қызмет түрін алуға өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр. Сондықтан Анар Хамзина да осы мүмкіндікті пайдалана алады.
«Аталмыш бағдарламаға қатысқан кәсіпкерлер қызметкерлеріне жалақыны жартылай төлейді не мүлдем төлемеуге болады. Өйткені, еңбекақы мемлекеттен беріледі. Бұл жас бизнесмендерді қолдауға бағытталған шара. Тағы грант алуға да көмек көрсетеміз. Оған қандастар, қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қол жеткізе алады», – дейді қалалық мансап орталығының маманы Ирина Спанова.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында Республика күні мерекесі аясында 100-ден астам түрлі шара ұйымдастырылып, 10-нан астам түрлі нысан пайдалануға берілді.