Петропавлда зейнеткерлерді алдаған алаяқ 4 жылға сотталды
Петропавл қаласында алаяқтықпен айналысып, зейнеткерлерді алдап келген азамат төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды тілшіміз.
34 жастағы қала тұрғыны «Telegram» мессенджерінде толық емес жұмыс күні туралы хабарландыруды көреді. Қызығушылық білдірген оған белгісіз адам алаяқтықпен айналысуды ұсынған.
Қылмыстық топ көбіне зейнеткерлерге жақын туысы болып хабарласып, жол-көлік апатына түскенін айтып, мәселені шешу үшін қомақты қаржы сұрап отырған.
Алаяқтың арбауына түсіп, зардап шеккендердің бірі 78 жастағы қала тұрғыны. Зейнеткерге қызының жол-көлік оқиғасына ұшырағаны туралы қоңырау тамыз айының соңында келіп түскен. Телефон тұтқасынан көмек сұраған қызының даусын естіген әйел абдырап қалған. Кейін оған өзін «прокурормын» деп таныстырған басқа әйел мәселені шешу үшін 1 млн теңге қажет екенін айтқан. Зейнеткер бар-жиған тергенін курьерге, яғни «дропперге» ұстатып жіберген.
Сотталған Ж. осындай жәбірленушілерден ақшаны алып кетіп, оны белгілі бір реквизитке аударып отырған.
Мәселен, 2023 жылдың тамызында алаяқтар үш зейнеткерді құрыққа түсіріп, жалпы сомасы 3 млн теңгені қалтаға басқан.
Сотталушы кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін білдірді. Сот оның кішкентай баласы барын және бұрын сотталмағанын ескерді.
Соттың шешімімен ол төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Және ол жәбірленушілерге келтірілген шығынды толығымен өтеуі тиіс.