СҚО- да қызылшаға қарсы қосымша вакцина сатып алынады
Солтүстік Қазақстан облысында қызылша жұқтырғандардың саны артты. Эпидемиолог мамандардың айтуынша өңірде 28 адамның инфекция жұқтырғандығы белгілі болды, деп хабарлайды тілшіміз.
Дәлірек айтсақ Петропавл қаласында – 22, Мағжан Жұмабаев ауданында -2, Аққайың, Қызылжар, Мамлют пен Жамбыл аудандарында -1 жағдайдан тіркелген. Науқастардың дені – 14 жасқа толмаған балалар. Ал, өткен жылы облыста бұл ауру мүлдем тіркелмеген. Енді мамандар тез тарайтын инфекцияның алдын алу үшін келер аптадан бастап жаппай иммундау науқанын бастайды. Ол үшін облысқа қосымша 30 мың вакцина сатып алынады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен – 93 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.
«Облысымызда екпе салу үшін 91 арнайы бригада жасақталды. Бұл шаруаларға мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылады. Олар арнайы оқытылды. Келер аптадан бастап алты мен он бір айлық балаларға вакцина сала бастаймыз. Ал 2 және 5 жастағы балаларды иммундау желтоқсанда басталады. Себебі қосымша вакцина бізге келесі айда жеткізіледі», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.
.