Петропавлда өрт сөндіру депосы салынып жатыр
Петропавлда келер жылы жаңа өрт сөндіру депосы халық игілігіне беріледі. Қазір шаhарда оның құрылысы жүріп жатыр. Жоба жүзеге асса, тағы 100-ге жуық адам жұмысқа тартылып, құтқарушылардың материалдық-техникалық базасы жаңаланатын болады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нысанды тұрғызу үшін ел қазынасынан қомақты қаржы бағытталған, деп хабарлайды тілшіміз.
«Береке» – Петропавл қаласында соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып келе жатқан шағын аудандардың бірі. Себебі мұнда көпқабатты тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандар да жаппай бой көтеріп жатыр. Сондықтан да жауапты мамандар нақ осы ауданда өрт сөндіру депосын салу қажет болғандығын айтады.
Нысанның қазығы былтыр күзде қағылды. Қазір мұнда әзірге 20 адам жұмыс істеп жатыр. Соңғы кездері құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жоба қайта есептелетін болады.
«2020 жылы кешеннің жалпы құны — 1,1 миллиард теңгеге бағаланған еді. Қазір енді құжаттарға түзетулер енгізіліп жатыр. Жыл соңына дейін ол мемлекеттік сараптамадан өтеді. Сәйкесінше содан кейін құрылысшылардың санын екі есеге арттырамыз. Бүгінгі күні біз жұмыстың жартысын аяқтадық», — дейді мердігер Андрей Капустин.
Жаңадан құрылған береке ауданында бүгінде 27 мың адам тұрады. 1700-ден астам үй бар. Мектеп, емхана, спорт нысаны салынып жатыр. Мұнымен қоса жеті мұнай базасы осында орналасқан. Сондықтан бұл жобаның маңызы зор.
«Өрт сөндіру депосы 4 көлікке арналған. Ол біздің облыста соңғы 30 жылда салынып жатқан алғашқы кешен. Заман талабына сай құралдармен жабдықталатын болады. Яғни нысанның аумағында мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдайтын арнайы спорт алаңы тіпті жатақхана да болады. Сәтін салса нысан келер жылдың күзінде пайдалануға беріледі деп болжап отырмыз», — деді облыстық Тжд өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Николай Белоусов.
Бүгінгі күні солтүстік қазақстан облысында 27 өрт сөндіру бөлімі бар. Оның тек алтауы соңғы үлгідегі талаптарға сай. Ал қалғаны биімделмеген ғимараттарда орналасқан.