Петропавлда жалдамалы пәтерде интимдік қызмет көрсететін қыздар ұсталды
Петропавл қаласында жалдамалы пәтерде интимдік қызмет көрсететін қыздар ұсталды, деп хабарлайды тілшіміз.
СҚО полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Петропавл қаласындағы Абай көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде қыздар эротикалық массаж қызметін көрсетілетіні туралы ақпарат келіп түскен. «Stop-трафик» жедел профилактикалық іс шарасы барысында пәтерде 21 және 22 жастағы екі қыз ұсталды. Мұнымен қоса заңсыз бизнес ұйымдастырған 46 жастағы әкімші де қолға түсті. Олардың ақшаға эротикалық массаж жасайтындары расталды.
«Осы факт бойынша әкімшіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабының 1-бөлігі бойынша материал жиналды. Аталған баптың санкциясы жеке және лауазымды тұлғаларға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды көздейді. Мұндай фактілерді анықтау бойынша ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жұмысы тұрақты түрде жалғасып жатыр», -делінген СҚО ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.