Жарияланған күні: 01.12.2023
Үкімет шет елдерден көлік әкелу мен пайдалану талаптарын бекітті
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шет мемелекеттерде тіркелген көліктерді Қазақстанға әкелу және оларды пайдалану талаптарын бекітті, деп хабарлайды тілшіміз Кazinform. сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министр қол қойған Қаулы primeminister.kz сайтында жарияланды.
Құжатқа қоса ұсынылған қосымшада:
- басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіру (әкеліну) тәртібі мен талаптары;
- басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану қағидалары мен талаптары жазылған.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Еске салайық, биылғы 23 қаңтар — 1 шілде аралығында Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін заңсыз әкелінген көліктер заңдастырылды. Нәтижесінде 220 мыңнан астам автокөлік тіркелді.
Ал 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктер заңның барлық талаптарына сай, жеңілдіксіз тіркеуге жатады.