Петропавлда қатты аяздың салдарынан қоқыс шығарылмай жатыр
Петропавлда қатты аяз коммундық қызметтің жұмысын тоқтатты. Мәселен өткен аптаның соңынан бері шаhардан қоқыс шығарылмай жатыр, деп хабарлайды тілшіміз.
Салдарынан көпқабатты үйлердің аулалары тұрмыстық қалдыққа толып қалған. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша бүгінгі күні облыс орталығында бұл жұмыстармен айналысатын төрт компания бар. Олардың барлығының техникалары әбден ескірген. Оның үстіне қақаған аязда, от алмай тұр. Кесірінен осындай жағдай тіркелді. Дегенмен жұмысына немқұрайлы қараған кәсіпорын басшылары айыппұл арқалалайтын болады. Ал мәселені түбегейлі шешу үшін, бес жаңа техника сатып алынады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді.
«Бүгінгі таңда ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеп кетті. Сол себепті бізді коммуналдық қызметтердің біраз бөлігі жұмысқа шықпай жатыр. Оның ішінде қоқыс шығаратын компаниялар да бар. Дегенмен күн райы бұл мәселеге кесірін тигізбеуі қажет. Сол себепті бүгінгі таңда қоқыс шығармаған компанияларға қатысты айыппұл енгізілетін болады», — деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.