СҚО-да жаңа жыл мерекесі қарсаңында орман күзеті күшейтілді
Солтүстік Қазақстан облысында орман күзеті күшейтілді. Тәртіп сақшылармен табиғат жанашырлары қылқан жапырақты ағаштардың кесілуін алдын алу үшін айдың соңына дейін күні-түні кезекшілік етеді. Бүгінде аймақта 22 стационарлық бекетпен 109 арнайы мобильді топ құрылды, деп хабарлайды тілшіміз.
Мейрамға сән беретін қарағай мен шырша көрші Ресей мемлекетінен әкелінуде. Өйткені елімізде қылқан жапырақтыларды кесуге заңмен қатаң тыйым салынған. Дегенмен полиция қызметкерлері базарлардың маңын ерекше бақылауға алды. Олар рейд ұйымдастырылып, саудагерлердің құжаттарын терксереді.
«Халық жаппай келіп жатыр. Көбі мерекеге жасынды емес, нағыз шырша алуға тырысады. Біз сатып жатқан ағаштар Ресейдің Свердловск облысынан әкелінген. Арнайы құжаттарымыз бар. Барлығы заңды», — дейді сатушы Руслан Ребеко.
Сауда қызған шақта аймақта орман күзеті күшейтілді. Өңірде құрылған стационарлық бекеттер мен арнайы мобильді топтар қылқан жапырақтыларды қырағылықпен қорғайды. Табиғат жанашырлары 31 желтоқсанға дейін күні — түні кезекшілік жасайды.
«Соңғы жылдары облыста заңсыз ағаш кесу фактілері тіркелген жоқ. Себебі тұрғындар оның арты жақсылыққа апармайтынын жақсы біледі. Жасыл желекке балта шапқан адам айыппұлдан бөлек қылмыстық жауапқа да тартылуы мүмкін», — дейді орман шаруашылығыныңинженері Рүстем Жанахметов.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша бүгінде әлеуметтік желіде шырша сатамын деген хабарламалар көбейген. Мәселен облыс орталығында 4 азамат интернет алаяқтың құрбанына айналды.
«Жыл басынан бері облыс аумағында 765 интернет алаяқтық фактісі тіркелді. Оның ішінде 4 өтініш осы шырша сатуға байланысты. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша жедел тергеу амалдары жүргізілуде», — дейді облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Мейіржан Махметов.
Қазіргі таңда облыс аумағында ерекше қорғалатын 12 орман шаруашылығы бар. Бұл жерден ағаш кесіп алғандар 1000 АЕК дейін айыппұл арқалауы мүмкін.