СҚО халқының жартысына жуығы ғана қызылшаға қарсы вакцина салдыртқан
Солтүстік Қазақстан облысы халқының тек жартысына жуығы ғана қызылшаға қарсы вакцина салдыртқан. Бұл жайында өңірлік комуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды тілшіміз.
Бүгінде аймақта 162 адамнан қызылша анықталды. Оның 141-і Петропал қаласында тіркелді.
«Қызылша ҚР Ұлттық ұлан әскери институтының 54 курсантынан анықталған болатын. Қазіргі таңда әскерилердің 53-і аурудан айығып, тек бір науқас қана стационарда ем қабылдауда. Ал олармен қатынаста болған 1395 адамның 645-і 72 сағат ішінде қызылшаға қарсы екпе қойдыртқан. Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогикалық колледжі туралы айтар болсақ, 21 адамнан қызылша анықталды. Оның 20-сы емделіп шықты, ал біреуі амбулаториялық түрде ем қабылдап жатыр», – деді СҚО санитариялық-эпидемилогиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Бүгінгі таңда ауруханада 26 адам ем қабылдап жатыр. Оның тең жартысы бала. Ал амбулаториялық емдеуде 34 пациент бар.
Өңірде екпе алуға жарамды тұрғындардың 48%-ы ғана вакцина салдыртқан. Мамандар, уақыт оздырмай екпе алуға шақырады. Бүгіндері облыста індетке қарсы 30 мыңнан аса вакцина бар.