СҚО-да жыл басынан 400-ден астам интернет-алаяқтық тіркелді
Солтүстікқазақстандық полицейлер ел аумағында 16 тамызда басталған «Hi-tech» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жұмыс істеуде. Іс-шараның екі күнінде криминалдық полиция қызметкерлері ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау үшін хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілерге мониторингті күшейтті. «Hi-tech» операциясының басынан 15 қылмыс ашылған. Сондай-ақ бұрын жасалған 10 интернет-алаяқтық фактісі ашылды. Құқыққа қайшы контенті бар интернет-сайттарға көшіретін 40 сілтеме анықталып бұғаттауға жіберілген. Алаяқтардың әккі әрекетіне егде жастағы адамдар алданып қалуы мүмкін. Сондықтан полицейлер ақпараттық қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануды сұрайды. Қоңырау шалу және хат алмасу арқылы қарым-қатынас жасау барысында жеке деректерді мүлдем беруге болмайды. Қаржылық операцияларға қатысты асығыс шешім қабылдамаған жөн. Әңгімені аяқтап, бірден банктің Call-орталығына және полицияға «102» нөміріне қоңырау шалу керек.
«Тамыздың 16 мен 18 аралығында облыс аумағында «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстарды анықтау, олардың жолын кесу және ашу, бұрын жасалған интернет-ұрлық пен интернет-алаяқтықтарды ашу іс-шараның мақсаттары мен міндеттері болып табыладыЖыл басынан облыс аумағында 423 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді»,-дейді СҚО ПД КПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.