Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

Өңірде орыс мектептерінде қазақ сыныптары ашылып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында орыс мектептерінде қазақ сыныптары ашылуда. Мұндай игі бастаманы білім басқармасындағы мамандар қолға алды, деп хабарлайды тілшіміз.

Биыл Петропал қаласында баласын қазақ тілінде оқытқысы келетін  ата-аналардан  624 өтініш келіп түскен.

Салтанат Әбдіхалық -төрт баланың анасы. Өзі физика пәнінің мұғалімі. Қазір өзі бала күтіміне байланысты демалыста. 2019 жылы отбасымен шырайлы Шымкент қаласынан теріскейге қоныс аударған. Тұңғышы Мансұр  биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.   

«Әрбір ата-ана өзінің баласын сапалы білім алып, жақсы орта қалыптастырғанын қалайды ғой. Сол үшін біз жан-жақтан сұрастыра келе  Бэст гимназиясын таңдадық. Себебі ол мектептердің арасындағы ең мықтысы болғандықтан, және осында қазақ сыныбының ашылуына байланысты осында келіп тест тапсырдық. Сыннан сүрінбей өттік. Балама да мектеп қатты ұнап жатыр. Енді  осында оқитын боламыз», — дейді Петропавл қаласының тұрғыны Салтанат Әбдіхалық.    

Аталған гимназия гуманитарлық бағытта білім беретін инновациялық мектеп. Ол қаланың қақ  ортасында орналасқан. Әзірге 16 оқушы қабылданыпты. Жауаптылардың айтуынша өңірде уақыт өте келе баласын қазақ тілінде  оқытсам дегендердің саны артқан. 

«Петропавл қаласында 36 мектеп бар. Бүгінгі таңда онда 27 842 оқушы оқып жатыр. Осы 36 мектептің 6-ы тек қана таза мемлекеттік тілде білім береді. Ондағы бала саны 3891. Және қосымша бізде аралас мектептер де  бар. Біз әр жыл сайын сараптама жүргізіп отырамыз. Әр жыл сайын қазақ мектебіне баратын талап өсіп келе жатыр. Сондықтан былтырғы жылы қаланың ортасындағы инновациялық мектептерден қазақ сыныптарын ашу туралы алдымызға мақсат алдық. Қазір сол жоспарымызды жүзеге асырып жатырмыз» ,- дейді Петропавл қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Бұлбұл Ахмадиқызы.  

«Бала ана тілін білу керек»,-  дейді солтүстікқазақстандық Жанат Мұхамеджанов. Сондықтан ол қазақ сыныптарын жаппай ашу үшін  түсіндіру жұмыстарын  күшейту керек деген пікірде.  

«Абайдың жан дүниесін түсіну үшін, біз оны оригинал өзінің қазақ тілінде оқығанымыз дұрыс. Өйткені аударма көп мағынада сол тілдің маңыздылығын, мәйегін жеткізе алмайды. Сондықтан ата-ананың санасы ояну керек. Өркениетті қоғам боламыз десек, ең бірінші біз өзегімізді таппай, өзгенің таңсығына жабыспай, өзіміздің құндылықтарымызды бірінші насихаттауымыз керек», -дейді облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жанат Мұхамеджанов.

Бастысы бастама бар. Аймақта енді бұл іске қоғам белсенділерімен зиялы қауым өкілдері де ат салысады.

Орыс тілді мектептерінен қазақ сыныптарын ашу жұмыстары келер жылы да жалғасын табатын болады. Мұндай үрдіс қаладан бөлек аудандар қалыптасып келеді.

Жалпы бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында 400-ден астам мектептің әрбір төртіншісі ғана таза қазақ тілінде сабақ береді.

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *