БОТАЙДА КЕЛЕР ЖЫЛЫ АРНАЙЫ ВИЗИТ ОРТАЛЫҚ САЛЫНАДЫ
Жыл басынан бері Ботай қонысынан бір жарым мыңға жуық құнды жәдіргер табылды. Археологиялық қазба жұмыстарына шетелдік ғалымдар да қатысқан. Қазір табылған жәдігерлерге сараптамалық-талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, тарихи қоныстың туристік әлеуеттін көтеру көзделген. Осы мақсатта Айыртау ауданында арнайы визит-орталық салынады деп жоспарланған, деп хабарлайды тілшіміз «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап,
БОТАЙ ҚОНЫСЫНАН КИІКТІҢ СҮЙЕКТЕРІ ТАБЫЛДЫ
Археологтардың Ботай қонысын зерттеп жатқандарына 40 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында 600 мыңнан астам түрлі артефакт табылған. Ал оларға арнайы анализ жасалады. Кейін «Ботай» музейіне немесе жергілікті тарихи-өлкетану музейінің қорына жіберіледі.
Осы маусым археологтар үшін олжалы болды. Осыған дейін олар қоныстан көбіне жылқы қаңқасын тауып келген еді. «Ал биыл алғаш рет киік сүйектерін тауыпты. Яғни ботайлықтар ақбөкен сүйектерінен түрлі қару-жарақ дайындап, күнделікті тұрмыста пайдаланған», — дейді зерттеушілер. Осы жәйттердің бәрі археологтардың қызығушылығын арттыра түскен.
«Біздің алдымызда әлі көптеген міндет тұр. Себебі, біз ботайлықтардың жауынгерлерді қалай жерлегенін, олардың үйлерінің құрылысын, кім қандай баспанада тұрғанын білмейміз. Сондықтан біз осының бәрін рет-ретімен зерттеп жатырмыз. Қазіргі уақытта ботайлықтар тұтынған қаруларды қарастыру үстіндеміз. Олар бір қарумен бірнеше жұмыс атқарғаны белгілі болды», — дейді археолог Қуаныш Әбдімәлков.
Ботай мәдениетіне шетілдік ғалымдар да қызығушылық танытып отыр. Олар биылғы қазба жұмыстарына қатысты. Әсіресе, жылқының жайылымы мен сүйектерін толыққанды зерттеуге мүдделі.
«Біз соңғы уақытта жылқылардың тісіне генетикалық анализдер жасап жатырмыз. Яғни ол қандай шөппен қоректенді? Қай жерде жайылды деген мәліметтерді анықтау үстіндеміз. Жалпы Ботай қонысы осы орталықтан басталып, Қостанай, Павлодар облысына дейін жалғасады. Оны біз зерттеу барысында анықтадық. Сондай-ақ, біз осы жерде табылған жылқы сүйектерін арнайы рентгенге түсіріп, оны қолдағы не жабайы жылқы екенін анықтаймын», — дейді эксетер университетінің профессоры, археолог Алан Оутрам.
Тарихи қонысқа турист тарту негізгі мақсат. Яғни тек ғалымдар мен археологтар аймағы қылмай, қарапайым тұрғындарға көрсетіп, дәріптеу маңызды. Қазір туристерге арнайы экскурсиялық бағдарлама дайындалған.
«Туристер келгенде біз алдымен Саумалкөл ауылындағы «Ботай» музейімен таныстырамыз. Оларға осы қоныстан немесе Красный яр ауылының маңынан табылған жәдігерлерді көрсетеміз. Кейін барып туристерді осы қонысқа алып келеміз. Жақында Сингапурдан, Англиядан әдейілеп туристер келіп кетті. Яғни «Ботай» қонысын тек Қазақстанда ғана емес, жан-жақтан келіп қарайды деп айтуға болады» , — дейді «Ботай» музейінің экскурсоводы Әйгерім Шаимова.
Жалпы Ботай қонысының жалпы аумағы 36 гектарды құрайды. Бүгінде соның тек 5-6 гектары ғана зерттелген. Ал Ботай мәдениеті жайлы қызықты деректерді халыққа жеткізіп, тарихымызды көпшілікке таныту үшін визит орталық салынады. Ғимарат таға бейнесінде бой көтермек. Құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталады.