Өскеменнен гуманитарлық көмек жеткізілді
Өскемендіктер Петропавлға 19 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында тасқыннан зардап шеккен өңірлерге 400 млн теңге жиналып, 390 тонна гуманитарлық көмек жіберілді.
Бүгін өңірге Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласынан бір фура гуманитарлық көмек жеткізілді. Оның ішінде бір тонна ұн, 100 литр сұйық май, гигиеналық және өзге де тұрмысқа қажетті заттар бар. Мұны қоғамдық ұйымдары мен жеке кәсіпкерлер және ШҚО тұрғындары бес күн ішінде жинаған. Сондай-ақ зекет және қайырымдылық қоры 1,5 млн теңгені өңіріміздің бас иманына табыс етті. Қаражат мұқтаж жандарға үлестірілетін болады.
Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Зекет және қайырымдылық» қоры ұйымдастырған игі бастамаға студенттер, ауыл, «AMANAT» партияларының мүшелері және қаламыздың еріктілері қатысып жатыр. Жалпы алғанда 100-ден астам адам жұмылдырылған. Еріктілер барлық тауарды рет-ретімен жүк көліктеріне тиеп, орналастырады. Алғашқысы Бескөл аудылдық округіне жөнелтілді.