СҚО-да су астында 2600-ден астам үй тұр
Қазіргі уақытта облыс тұрғындарының 2639 үйі су астында тұр. Сондай-ақ 1500-ден астам аулаға су кірген.
– Су тасқыны басталғалы облыс аумағында 14 388 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге шығарылды. Оның – 3596-сы бала. Бүгіндері 44 адам үйлеріне оралды. Ал уақытша эвакуациялық пунктерде 732 адам орналастырылған. Сондай-ақ 5143 ауыл шаруашылығы жануары эвакуацияланды, – дейді баспасөз қызметіндегілер.
Құтқарушылардың айтуынша, өңірде тәулік бойы «Жедел желі» телефондары жұмыс істеп келеді. Облыс тұрғындарынан бір күнде орта есеппен 60-тан астам қоңырау түседі.
Облыста апаттық-құтқару жұмыстарына СҚО құтқарушыларынан бөлек, Астана, Алматы қалаларының, Түркістан, Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстарынан 5504 ТЖД маманы, 931 техника, 495 мотопомпа мен 131 жүзу құралы жұмылдырылған. Бұдан бөлек, ТЖМ, Қорғаныс министрлігінің, ІІМ, ҰҚК, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 3 әуе кемесі көмекке келді.