Өрт сөндіру техникасы ескірген
Наурыз айында СҚО-ның орман шаруашылықтарында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары тексеріс жүргізді.
СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, әкімдіктің қарамағында 12 орман шаруашылығы мекемесі және «Красный Бор» жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту жөніндегі мекеме бар. Орман мекемелерінің міндеті — орманды молықтыру, орман қорын өрттен, зиянкестерден, аурулардан қорғау.
— Өткен жылы орман қорына қауіп төндіретін 169 өрт тіркелді, оның 24-і орман өртіне ұласып, 78,7 гектар аумаққа зақым келді, келген шығын – 15 млн теңгеге жуық. Өртпен күресу үшін Ресейдің шекаралас облыстарымен келісімдер жасалды. Соңғы 3 жылда орман иеленушілер жергілікті бюджеттен бөлінген 644 млн теңгеге 65 арнайы техника — 22 трактор, 35 патрульдік автомашина, 10 тіркемелі өрт модулін сатып алды. Биыл 338 млн теңге бөлінді, оған 2 өрт сөндіру машинасын, 8 тракторды, 12 квадракоптерді және 36 ағаш отырғызу машинасын алуды жоспарладық, — деді СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов.
Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарындағы өрт сөндіру машиналарының 44% және тракторлардың 40% пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кеткен.
— Биыл наурызда өңірдегі орман шаруашылықтарының өрт қаупі жоғары маусымға дайындығына комиссиялық тексеру жүргізілді. Дайындықты тексеру қорытындысы бойынша 10 баллдық жүйемен 7 балға бағаланды. Оған орман шаруашылықтарында өрт сөндіру стансаларының жеткіліксіз болуы әсер етті. 38 станса қажет болса, қазір 14-і ғана бар. Сондай-ақ, 28 өрт сөндіру автомашиналары болуы қажет, оның тек 25-і бар. Өрт бақылау мұнараларының саны жеткіліксіз, оның 15-ін жаңадан тұрғызу керек, — дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов.